БҚО-да екі малшының боранда үсіп өлуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 13 желтоқсан күнгі боранда Жәнібек ауданында екі малшы жоғалып кетіп, кейін денесі табылған болатын.

а
Фото: ІІМ

БҚО бойынша еңбек инспекциясы департаментінен мәлім еткеніндей, осы оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеді. Комиссия отырысына жұмыс беруші – шаруа қожалығының басшысы, облыстық кәсіподақтар орталығының өкілі қатысты.

- Тергеп-тексеру аясында жазатайым оқиғаның себебі мен заң бұзушылықтар анықталды. Болған жағдай үшін жауапкершілік 100 пайыз жұмыс берушіге жүктелді. Материал БҚО Полиция департаментіне жіберілді, - деп хабарлады ведомстводан.

БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Жәнібек ауданының полиция бөлімінде қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін заңнамада көзделген тәртіппен тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да боранда жоғалып кеткен үш адамның денесі табылғанын жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да тағы бір ер адамның денесі табылды.

Соңғы жаңалықтар