БҚО-да екі жеңіл көлік соқтығысып, үш адам зардап шекті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында екі жеңіл көлік соқтығысып, үш адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да екі жеңіл көлік соқтығысып, үш адам зардап шекті

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 22 желтоқсан күні сағат 08.58-де Ақжайық ауданында болды.

Орал-Атырау жолы мен Чапаев ауылының кіреберіс тұсында «Тойота Камри» мен «ВАЗ-2112» автокөліктері түйісті.

Соның салдарынан жарақат алған үш адам Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың екеуі дәрігерлер қарағаннан кейін ауруханаға жатудан бас тартты.

Алдын ала мәлімет бойынша жабық бас-ми жарақатын алып, маңдай тұсы көгерген 37 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылды.

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда адам өліміне соқтырған бірнеше жол апаты болғанын жазған едік.