БҚО-да электр желілерінің тозуын азайту үшін не істеліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында электр желілерінің тозуын азайту үшін Зачаган-Переметный, Переметный-Тасқала және Чапаев-Первомай учаскелерінде 110 кВ әуе желілерін ауыстыру жұмыстары басталды.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Қонысбаевтың мәлім еткеніндей, осы мақсатқа жоба бойынша 2,8 млрд теңге бөлінді.
Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасақталған «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл электрмен жабдықтау бойынша 6 нысанның құрылысы бастау алды.
— Биыл бұл жобаларға барлығы 3,5 млрд теңге бағытталмақ. Жобаның жалпы құны — 10,3 млрд теңге. Тапсырыс беруші — «Батыс Қазақстан аймақтық электр жеткізу компаниясы» ЖШС. Жалпы, соңғы үш жылда құны 13 млрд теңге 12 жоба өз мәресіне жетті. Соның ішінде «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Сырым, Тасқала, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарының 6 ауылында электр желілері қайта жаңартылды. Оған қоса Орал қаласында «Ақжайық» және «Жұлдыз шағынауданында 110/10 кВ қосалқы станциялары, Зачаган кентінде жөндеу-өндірістік базасы салынды. „Ақжайық“ шағынауданында электр тарату желілері тартылды. Сондай-ақ Орал жылу-қуат орталығында қуаты 12 МВт болатын № 1 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізіліп, станцияның жалпы электр энергиясын өндіру қуаты 58 МВт-қа дейін жеткізілді, — деді М.Қонысбаев.
Оның айтуынша, күні бүгін облыста электр желілерінің тозуы орташа есеппен алғанда, 78,8 пайыз болып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда энергетикалық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болатынын жазған едік.