16:31, 18 Ақпан 2017 | GMT +5
БҚО-да елуден астам елді мекенге су құбыры тартылады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының барлық он екі ауданында биыл 5 млрд-тан астам теңгеге елуден астам елді мекенге су құбырын тарту жұмыстары басталмақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, өңірде 164 ауыл ғана орталықтандырылған таза сумен қамтылған. Былайша айтқанда, 440 елді мекеннің 36 пайызына су жеткізілген. Су мәселесі, әсіресе, Жаңақала ауданында өткір тұр. Мұнда тұрғындардың 70 пайызы сапасыз суды пайдалануда. Сол себепті жеткілікті қоры бар су көзі іздестірілді. Соның нәтижесінде Бөкей ордасы ауданымен шекарадағы Құлшық деген жерден су көзі табылды. Енді 2,5 млрд теңгеге сол жерден су құбыры тартылатын болады.
«Сонымен қатар Ақсай қаласында 29 км жылу жүйесі, облыстың төрт ауданында 185 шақырымнан астам су құбыры қайта құрылатын болады», - деді Алтай Көлгінов.