БҚО-да еңбек ардагері заманауи аудандық емхана үшін Президентке алғысын білдірді
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының орталығы Федоровка ауылында жаңа аудандық емхана ашылды. Аталған жоба мемлекет басшысының «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды.

Ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, ауыл тұрғындарын емхананың ашылуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Ұлт денсаулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» – деп атап өткен болатын. Ашылып отырған жаңа емхана ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етеді деп сенемін. Жерлестеріміз сапалы және қолжетімді медициналық қызмет алатын болады»,– деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Теректі ауданының еңбек ардагері Василий Савченко аудан орталығында заманауи үлгіде салынған емхана үшін Мемлекет басшысына ризашылығын жеткізді.
«Соңғы екі жылда облысымызда көптеген медицина нысандары ашылды. Бүгінгі емхана әсіресе, ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Бұрындары кейбір медициналық қызмет түрлерін алу үшін облыс орталығы барыып жататынбыз. Енді міне, ешқайда шықпай-ақ, жаңа технологиялармен жабдықталған емханадан ем алатын болдық. Президентіміздің халық игілігі үшін жасаған қолдауына алғысымыз шексіз. Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарына көп көңіл бөліп отыр. Биыл сондай-ақ, Оралдан Теректі ауданының орталығы Федеровка ауылына жол тартылды» -деді Теректі ауданының құрметті азаматы Василий Савченко.

Ғимараттың жалпы ауданы - 5626 ш.м. Емханада сауықтыру, сәулелік диагностика, профилактика, физио бөлімшелері, лаборатория, күндізгі стационар және әйелдер консультациясы бөлімі бар.
Барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған: ультрадыбыстық аппарат, мамограф, 12 арналы электрокардиограф, видеогастроскоп, видеокольпоскоп, зертханалық құрал – жабдықтар, кардиохирургиялық бақылау кешені, физиотерапиялық құрал – жабдықтар, рентгендік кешен, стомотологиялық құрал- жабдықтар, емдік жаттығу кешені және кинезотерапиялық қондырғылар бар.

Жаңа медициналық нысан аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, өңіріміздің денсаулық сақтау жүйесінің дамуына серпін бермек.
ҚР Президентіміздің тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында 50 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған болатын. Өткен жылы 12 жаңа медициналық нысан тұрғындар үшін қолданысқа берілсе, биылғы жылы 17 нысан іске қосылды.
