БҚО-да еңбек заңнамасын бұзуға қатысты 260 дерек тіркелді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы алты айда 180 кәсіпорын-мекемені тексеру барысында 260 заңбұзушылық тіркелді.
Бұл туралы бүгін Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Азамат Айтуев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша тексерулер нәтижесінде 43 тұлғаға 7,238 млн теңге айыппұл салынды. Оларды шартты түрде былай қарастыруға болады. Біріншісі - еңбек қатынастарына қатысты. Яғни, жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлерге жалақыны уақтылы және толық мөлшерде төлемеу, еңбек шартының жасалмауы, еңбек шарты мазмұнының ҚР Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес келмеуі, тәртіптік шара қолдану мәселелері бойынша, оның ішінде қызметкерді тәртiптiк жаза қолдану туралы актісімен таныстырмауы, тәртіптік жазаның қызметкер демалыста немесе еңбекке уақытша жарамсыз болған кезеңде берілуі, еңбек шарты тоқтатылған кезде пайдаланылмаған жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы үшiн өтемақы төлемдерiнің жүргізілмеуі бойынша 201 заңбұзушылық тіркелді.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі бойынша 42 заңбұзушылық анықталды (өндіріспен байланысты жазатайым оқиғалардың уақтылы тергеп-тексерілмеуі (жасыру), қызметкерлерді оқытуды және нұсқау өткізуді ұйымдастыру бойынша, қызметке жарамдылық бойынша міндетті медициналық тексеріп-қараудың өткізілуін ұйымдастыру бойынша).
Биылғы бірінші жартыжылдықта 24 жазатайым оқиға орын алып, 2016 жылдың (33 оқиға) осы кезеңімен салыстырғанда, 23 пайызға төмендеді. Жазатайым оқиғалардан 32 адам зардап шегіп, былтырғы жылмен (40) салыстырғанда 20 пайызға азайды. Өкінішке қарай, биыл 2 адам қаза тапты.
Күні бүгін облыстағы 37 ірі және 92 орта бизнес кәсіпорны өз жұмысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың ұлттық және халықаралық стандарттарын енгізді. Биыл кәсіпорындардың 1300-ден аса жетекшілері мен мамандары еңбекті қорғау заңдылығын білу бойынша тексерістен өтті.
Халықты жұмыспен қамту бойынша тіркелген заңбұзушылықтар саны - 17 (өткен жылы - 74). Жалпы тексерістер нәтижесінде заңбұзушылықтарды жою турасында 112 нұсқама берілді. Жауапты 53 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартатын жағдайлардың бірі - жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасындағы ұжымдық еңбек шарты. Күні бүгін облыста 1494 ұжымдық шарт тіркелген. Ұжымдық шартпен 130 мыңнан астам адам қамтылған (бұл - барлық еңбек ететін тұлғалардың 55 пайызы).
Уәкілетті орган қолға алған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде тек жыл басынан бері 86 кәсіпорын-ұйымда жалпы көлемі 150 млн астам теңгені құрайтын жалақы берешегі өтелді. 709 адамның еңбек құқығы қорғалды. Күні бүгін 6 кәсіпорында жалақы берешегі бар, олар бойынша сот шешімімен банкроттық рәсімдер жүргізілуде. Сонымен қатар сот орындаушыларының өндірісінде 2 материал бар, мұндағы жалақы қарызы - 7,5 млн тенге.
Айта кетейік, биылғы алты айда барлығы 424 арыз-шағым тіркелген.