БҚО-да энергетикалық және коммуналдық салада 6 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында «Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС және «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының» негізгі жабдықтарының тозығы жетіп тұр.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Орал қаласында жылу-қуат желілерінің ұзындығы 20 531 км болса, соның 16 249-ы немесе 79,14 пайызы тозған. Сол секілді 248,6 км жылу желісінің 50,1 пайызы (124,6 км), 483,5 км сумен жабдықтау желісінің 60,5 пайызы (292,5 км), 377,4 км су бұру құбырының 61,3 пайызы (231,4 км) тозған.
Қанат Амангелдіұлының сөзіне қарағанда, биыл БҚО-да алты жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 1,453 млрд теңге қарастырылды. Осы қаржыға Орал қаласында жер асты сулары кен орнын, 1 мың мм су құбыры және № 29 кәріз-сорғы станциясын қайта құру, 5 ұңғыма бұрғылау, сондай-ақ Круглоозерный мен Зачаган кентінде ескісінің орнына жаңа блоктік-модульдік қазандық салу көзделіп отыр.
— Сонымен қатар Орал қаласы жылу-қуат орталығының № 1 турбиналық қондырғысы іске қосылса, өндірілетін электр энергиясы 12 МВт-ға ұлғаяды. Биыл кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламасы аясында 310,7 км инженерлік желі, 22 қосалқы станция, 114 трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеу қолға алынбақ, — деді Қ.Өмірәлиев.
Оның айтуынша, 2024 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілген болатын. Осыған орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ға су бұру, сумен жабдықтау жобалары бойынша «Батыс су арнасы» ЖШС-дан 4 және жылуға байланысты «Жайықжылуқуат» АҚ тарапынан 5 жоба ұсынылды.
Оған қоса 2025-2029 жылдары «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында электр желілерін қайта жаңарту жобаларын іске асыруға аталмыш АҚ-ға 27,8 млрд теңгеге 11 жоба жолданды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ақын Орал қаласында жылу құбырлары жөнделе бастағанын жазған едік.