БҚО-да етті ірі қараны өсірудің мүмкіндігі мол – Б.Жүгінісов
Л. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасының биылғы Жолдауында мал шаруашылығын дамытуға баса мән берілгені мәлім. Шындығында БҚО-да етті ірі қараны өсірудің мүмкіндігі мол.
Ол үшін білікті маман-кадрлардың тәжірибесін қазір пайдаланып қалу қажет. Бұл туралы осы салада кезінде көп жыл еңбек етіп, зерттеу жұмыстарымен айналысқан ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер Болат Жүгінісов өз ой-толғамын былайша жеткізді.
-Ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде мені облыс агросекторының жай-жапсары толғандырады. Өзім Оралдағы ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен соң, «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытына барып, ғылымды практикамен ұштастыруға 10 жылымды арнадым. Осы шаруашылықтағы Бүкілодақтық етті мал шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтының (Орынбор) етті ірі қараны асылдандыру технологиясын реттеумен айналысатын тірек пунктінде төрт жылдай меңгеруші болдым. Бұл кеңестік заманда одақ бойынша етті ірі қараны асылдандыру, асыл малды көбейту мәселелерімен айналысқан бірден-бір ғылыми мекеме болатын. Міне, сол институттың Аңқатыдағы ғылыми қызметкері міндетін атқардым. Бұл тірек пунктіне «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыты да қарайтын. Тәжірибелерімізді осы екі шаруашылықта жүзеге асырдық. Ғылыми ізденуші бола жүріп, 1988 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. 1985 жылы зауытқа өңірге танымал өндіріс басшысы Федор Скобычкин директор болып келді де, мені бірге жұмыс істеуге шақырды. Шаруашылықта бас маман, кейіннен өндіріс саласы бойынша директордың орынбасары болып қызмет істедім. «Аңқатының» атағы дүрілдеп шықты, етті ірі қара өсіру жөнінен жетістіктері берісі бүкіл елге, әрісі айдай әлемге мәшһүр болды. Сол кезде Кеңестер одағы бойынша үш жыл қатарынан бірінші орынды өзге шаруашылықтарға бермей, үздік шығып отырдық. Әр жүз аналықтан 98-ден бұзау алдық. Сонымен қатар асыл тұқымды мал өсіру, сұрыптау, сату, саны мен сапасы жөнінен де сондай көрсеткіштерге қол жетті. Сол жылдары зауыттың көрсеткіштері өзінің шарықтау шегіне жетті. Одан кейін «Аңқатыда» мал бордақылаудың канадалық жүйесін қолданысқа енгіздік. Бұл атақты академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Социалистік Еңбек Ері Алексей Черекаевтың бастамасымен және сол кездегі облыс басшысы Нәжімеден Есқалиевтің қолдауымен етті ірі қараны дамытуға байланысты жасалған нақты қадам болатын. Сол кездері егер бордақыланған малдың салмағы 570 киләдан кем болса, біз оны ет комбинатына апармайтынымыз әлі есімде. Етке тапсыратын малдың орташа салмағы 625 киләға шейін жететін еді.
Өткенді таразылап, бүгінгі күннің биігінен қарасақ, келешекте облысымыздың ет өндіруден көшбасшы болуға әлеуеті жеткілікті. Шабындықтарымыз, мал жаятын құнарлы жерлеріміз, Нарын құмы, Жаңақала, Қаратөбе сықылды мыңғыртып мал өсіруге қолайлы өңірлеріміз бар. Елбасының биылғы Жолдауында айтылғанындай, сыртқа 60 мың тонна ет шығару мәселесі біздің облысты биікке көтеретін тұғыр болайын деп тұр. Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастамасымен Янайкинде мал бордақылайтын ірі кешен салынды. Сонымен қатар бұрыннан келе жатқан жергілікті мал асылдандыру зауыттарының мүмкіндіктерін молынан пайдаланған жөн. Соның ішінде «Аңқаты», «Шағатай» зауыттарының асыл тұқымды малымен ана Нарын құмындағы және өзге де ауылдық жерлердегі малды асылдандыру - кезек күттірмейтін іс. Бұл - біріншіден.
Екіншіден, жаңағы малды асылдандыруға мемлекеттен бөлінетін қомақты қаржы әр ауылға жетер болса, іс өрге басады. Ол үшін әуелі әр ауылдың табиғи мүмкіндігін, қанша малды ұстап, өсіре алатынын, кімде қанша мал барын, қолдағы малдың ветеринарлық жағдайын, малды етке өткізгенде қайда, кімге тапсырып отырғанын, міне, осының барлығын анықтап, зерттеп алмасақ болмайды. Ірі қараны бруцеллезден толық сауықтыру шарт. Елбасы Жолдауынан кейін ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны әр ауылдың мүмкіндігіне қарай мал басын көбейтуге бөлу жағын әлден ойластыру керек. Бес сиыр бағып отырған адамның малы он, он сиыры бардың малы жүз болатындай етіп қаржы бөлсек, ауылдағы халықтың жағдайы күрт көтерілер еді. Мал ұстап, оны өсіріп отырған адамдарға қолайлы жағдай тудырмасақ, мал өзінен-өзі өспейді. Өзге аймақтармен салыстырғанда облыста етті ірі қара өсіру жөнінен кәнігі мамандар жеткілікті. Сондықтан БҚО-ның ірі қара өсіру жөнінен өзге өңірлерге қарағанда, алға шығып кететін әлеуеті мол. Облыс басшысының қадамы құптарлық. Енді егін салуды қала маңындағы аудандардың еншісіне қалдырып, етті ірі қараға, жылқыға, қойға, өзіміздің төрт түлік малға көбірек көңіл бөлсек деймін.
Тағы бір айта кетерлігі, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының бұрынғы дәстүрінен ештеңе қалмады. Сондықтан оны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің қарамағына беріп, студенттердің теорияны ғылыммен ұштастыруына жағдай туғызылса дейміз. Елбасының өзі ЖОО-лардың инновациялық қызметін көтеруді және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізетін үлесін арттыруды тапсырып отыр. Университет стансада екпе шөптердің түрлерін өсірумен ғылыми түрде айналысатыны кәміл.
Бүгінде облыс көлеміндегі мал жайылымдарына байланысты қалыптасқан жағдай алаңдатады. Ондай жерлер кезінде жекелерге бөлініп берілсе де, олардың көпшілігі оған егін салып отырған жоқ. Ал қалаға іргелес ауылдардың тұрғындары болса, мал бағатын жайылым таппай қиналуда. Егін егілмей, арамшөп басқан жерлерді кері мемлекет меншігіне қайтарып, ол жерлерге екпе шөп егу шараларын ұйымдастырған дұрыс. Малдың жемшөп қоры базасын жасақтайтын болсақ, облыс көлемінде 1 миллионға жақын ірі қара малды ұстауға болар еді. Мал бордақылау кешендерінің әлдеқайда арзанға түсетін түрлерін салуға мүмкіндік бар. Мысалға, ашық алаңда канадалық технологиямен мал бордақылауды ұйымдастыруға болады.
«Қазір біздің облыста етті ірі қара саласына қатысты мамандар жеткілікті, демек, солардың білім-білігін, қажыр-қайратын дер кезінде пайдаланып және олардың тәжірибесін жас мамандарға сіңіріп қалуымыз керек. Ал он шақты жылдан кейін кеш болуы мүмкін. Өйткені енді біразырақ жылдан кейін малдың майталман мамандарының барлығы дерлік зейнетке шығады. Сондықтан Елбасы Жолдауында айтылған етті ірі қара шаруашылығын дамытуды кешіктірмей қолға алуымыз қажет. Сонда Ресейдің бес бірдей аймағымен шектесетін Батыс Қазақстан облысы сапалы етті шетке де молынан шығара алады», - деп түйіндеді ойын ғалым.