БҚО-да «Фольксваген Венто» мен полиция автокөлігі соқтығысты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 07.00 шамасында Самара-Шымкент күре жолының 276-шақырымында 1992 жылғы жүргізуші «Фольксваген Венто» автокөлігінің руліне ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің патрульдік автокөлігімен соқтығысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО-да «Фольксваген Венто» мен полиция автокөлігі соқтығысты

Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жол апаты салдарынан патрульдік автокөлікті айдап келе жатқан полиция сержанты мен «Фольксваген Венто» көлігінің жүргізушісі М. зардап шекті. Қос жүргізуші де қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. Патрульдік автокөлік жүргізушісінің қасында болған серігі дәрігерлер көмек көрсеткеннен кейін амбулаторлық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді.

Аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. Бірқатар сараптама тағайындалды.

Еске сала кетейік, өңірде жыл басынан бері осыған дейін 34 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 4 адам қаза тауып, 41-і түрлі жарақат алған болатын.