БҚО-да газдандырылмаған 47 елді мекен қалып отыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 413 елді мекеннің 366-сы табиғи газбен қамтамасыз етілген.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, газдандырылмаған елді мекендер саны – 47.
Оның сөзіне қарағанда, 4 елді мекен, атап айтқанда, Бәйтерек ауданының Раздольный, Жәнібектің Талов, Борсы және Қамысты ауылдары Ресей Федерациясының газ құбырына қосылған.
«Осыған байланысты елді мекендердің энергетикалық қауіпсіздігі үшін аталған ауылдарды отандық газ құбырына қосу жолымен газдандыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда газбен жабдықтауға жобалар әзірленуде», - деді өңір басшысы.
Әкімнің сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысы өндірілетін электр қуатын 1,5 есеге дейін ұлғайту қажеттілігін атап өтті.
«Биыл Теректі ауданы Пойма ауылында жеке инвестициялар есебінен күн электр станциясы құрылысын бастау көзделуде. Бұл жоба 20 МВт көлемінде күн электр қуатын өндіруге, өңірдегі энергия көзін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс мерзімі – 2 жыл», - деді Н.Төреғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 30 мектептің құрылысы жүргізілетінін жазған болатынбыз.