БҚО-да газдандыру жұмыстарына 3,7 млрд. астам теңге бөлініп отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында елді мекендерді газдандыруға 3,7 млрд. астам теңге бөлініп отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО-да газдандыру жұмыстарына 3,7 млрд. астам теңге бөлініп отыр

Оның айтуынша, соның ішінде Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарын газдандыруға 750 млн. теңге қаралды. Оған қоса бес аудандағы 12,7 мың тұрғыны, 106 әлеуметтік нысаны бар 34 елді мекенге газ құбырын тартуға 2,6 млрд. теңге жұмсалмақ. Соның ішінде шалғайдағы Бөкей ордасы ауданының 11 елді мекенін газдандыруға 500 млн. теңге кетпек. Ал 2,1 млрд. теңге Орал жылу-қуат орталығына магистральды газ құбырын тарту жұмыстарын жалғастыруға бағытталды. Сондай-ақ Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек және Сырым аудандарындағы 23 елді мекенге газ құбырын тартуға 420,7 млн. теңге берілді.

«Күні бүгін конкурстар өткізіліп, мердігерлер анықталды», деді Б.Азбаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыс халқының 93,4 пайызы табиғи газбен қамтылған, соның ішінде 593 мың халқы бар 275 ауыл газдандырылған. Жыл аяғында аталмыш көрсеткіш 94 пайызға жетпекші.