БҚО-да Индустрияландыру картасы аясында жеті жоба жүзеге асырылуда

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл Индустрияландыру картасы аясында 7,7 млрд теңгеге 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО-да Индустрияландыру картасы аясында жеті жоба жүзеге асырылуда

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, бұл 440 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Соның ішінде 926 млн теңгеге қосымша үш жоба іске қосылмақшы. Атап айтқанда, «Стекло Сервис» ЖШС 350 млн теңгеге алдағы желтоқсан айында терезе және есік шығару өндірісін  бастамақшы. Сол секілді «Асар» ЖШС жыл соңына дейін 376 млн теңгеге аяқкиім тігу фабрикасын ашпақшы. Ал «Евразия Тренд» ЖШС 200 млн теңгеге есіктер шығаруды жолға қоймақ.

Жалпы, екінші бесжылдық (2015-2019) барысында өңірде 82,4 млрд теңгеге 22 инвестициялық жоба (1196 жұмыс орны) жүзеге асырылуда. 2018-2019 жылдары 1,6 млрд теңгеге үш жоба іске қосылмақшы.

Айта кетейік, биылғы он айда өнеркәсіп кәсіпорындары 1,5 трлн теңге өнім өндірді, бұл өткен жылғыдан 7,1 пайызға көп. Ал экспорт көлемі тоғыз айда 3,4 млрд АҚШ долларына жетіп, 41 пайызға артты.