БҚО-да инфекциялық стационарда жатқандар саны 355-ке жетті
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, қазіргі кезде жұқпалы аурулар ауруханалары 59,6 пайызға толған.
Соның ішінде 15 адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Жыл басынан бері коронавирустан 68 адам көз жұмды.
Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, індеттің жаңа штамдарының бұрынғыға қарағанда, жұғу көрсеткіші 70 пайызға дейін жетеді. Бақылау көрсетіп отырғанындай, британдық штамм басқа түрлерінен гөрі 1,7-2 есе тез таралады.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев өңірде індеттің наурыз мейрамдарынан кейін күрт өршіп кеткендігін жеткізіп, карантиндік шектеу шараларын 16 сәуірге дейін ұзартуды ұсынды.
Оның айтуынша, жыл басынан бері облыста 5655, соның ішінде наурыз айында 1868 адамнан індет табылды. Соңғы аптада (22-28 наурызда – 538) алдыңғыға (15-21 наурызда – 511) қарағанда, ауру көрсеткіші 5 пайызға көбейді.
Наурызда сырқаттанғандардың басым көпшілігі немесе 69,9 пайызы Оралда (1307), сондай-ақ Бөрлі ауданында 9,7 пайызы (183), Бәйтеректе 7,6 пайызы (142) тіркеліп отыр.
«Індетпен күрес басталғанына бір жылдан асты. Содан бері адамдар қарапайым санитарлық талаптарды сақтауға үйренді. Әйтсе де ауру бізді айналып өтеді деп сақтанбай жүргендер, той-садақа жасаушылар әлі де баршылық. Егер бұлай созыла берсе, карантин ұзақ сақталады. Жыл басынан бері 68 адам өмірден озса, ауру жұқтыру көрсеткіші 20 пайызға өсті. Коронавирустың жаңа түрлері өте тез тарайды әрі ағзаға қатты әсер етеді. Сондай-ақ ауру белгілері жоқ адамдар көпшілік жиналатын жерлерге барып, өзгелерге жұқтыруда. Мұның соңы қайғылы жағдайларға соқтыруда. Індеттің өте қауіпті екендігін түсінетін уақыт жетті», деді Ғ.Есқалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 4,4 мың адамның коронавирусқа қарсы екпе салынғанын жазған болатынбыз.