БҚО-да ірі екі кен орнын ашқан геологтар марапатталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда геологтар күніне орай мерекелік жиын болып, онда осы саланың үздіктері марапатталды.
ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті Батыс Қазақстан аймақтық инспекциясының басшысы Мирболат Тінәлиевтің атап өткеніндей, сала қызметкерлері ел экономикасын дамытуға өз үлестерін қосып келеді.
Өңірде елді мекендер тұрғындарын таза ауыз сумен қамту бағытында жер асты су көздерін іздестіру-барлау, сондай-ақ сейсмобарлау, ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Тек өткен жылы шетелдік және қазақстандық жеке қаражат көздері есебінен іздестіру-бағалау жұмыстарына 356 миллиардтай теңге құйылды.
Ашылғанына 15 жыл болған Чинарев мұнайгаз конденсаты кенішінде жыл сайын 1 млрд текше метр газ, 300 мың тонна мұнай және 500 мыңдай тонна конденсат өндірілуде. «Орал Ойл энд Газ» ЖШС ашқан Рожков геологиялық құрылымындағы кен орнында бүгінде үш кеннің өнімділігі белгілі болды. Сол секілді Сәтимола дүниежүзіндегі ірі калий кен орны болып табылады, ондағы қор 3,1 млрд тоннаны құрайды.
Жиында Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің бұйрығымен Чинарев кенішін ашуға атсалысқан Вячеслав Дружинин, Абылай Әлжанов, Николай Матлошинский, Рафхат Бақтияров, сонымен қатар Сәтимола калий-борлы тұз кен орнын ашуға қатысқан Талғат Қасенов, Муфтах Диаров, Қасан Камашев «Қазақстан Республикасының кен орындарын алғаш ашушы» төсбелгілерімен марапатталды. «Сәтбор» ЖШС-ның бас директоры Талғат Қасенов, «Карповский Северный» компаниясының бас директоры Қайнолла Қасенов «Жер қойнауының құрметті барлаушысы» атанды. Басқа да сала үздіктеріне комитеттің құрмет грамоталары табыс етілді.