БҚО-да қарамағындағы қызметкері пара алғаны үшін басшы қызметінен кетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Манарбек Нажиев қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, М.Нажиевпен бірге аталмыш басқарма бастығы Кенжебек Қуспаев та қызметінен босату туралы рапорт жазған.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, БҚО-да пара алды деген күдікпен бірнеше полиция қызметкері ұсталған болатын. Соның ішінде взвод командирі қолға түсіп, абақтыға қамалған еді.
«Облыста орын алған взвод командирінің пара алу үстінде ұсталу дерегінен кейін М.Нажиев департаменттегі тәртіптік комиссияның шешімімен қызметінен босатылды. К.Қуспаевқа қатысты құжаттар ҚР Ішкі істер министрлігінің келісімін алу үшін жіберілді», деді ҚазАқпарат тілшісіне департаменттің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков.
Бұған дейін, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті патрульдік полициясының бірқатар қызметкері, оның ішінде взводы командирі мен полиция капитаны ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.