БҚО-да қаржы бөлуге қатысты отырыстар жариялы түрде өтпекші

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Алтай Көлгінов ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында БҚО бойынша өңірлік үйлестіру кеңесі (кәсіпкерлер үшін субсидиялар мен гранттар бөлу) мен агроөнеркәсіп кешені бойынша субсидиялау комиссияларының отырыстарын облыс әкімдігінің ресми сайтында онлайн көрсету туралы тапсырма берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО-да қаржы бөлуге қатысты отырыстар жариялы түрде өтпекші

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұл бастама облыс әкімінің биылғы тұрғындар алдындағы есебі кезінде көтерілген болатын. «Кәсіпкерлер мен тұрғындар жобаларды қаржыландыру мен субсидиялар бөлінісінен хабардар болуы қажет. Халық арасында күдік тудыратын, адами қарым-қатынастар бар отырыстардың барлығы да онлайн режим арқылы таратылуы керек. Мемлекеттен бөлініп отырған қаржының жұмсалуын халық біліп отыруы тиіс,» деген еді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, бұл қадам Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы арасында жемқорлықтың алдын алу бағытында әзірленген жұмыс жоспарына сәйкес қолға алынып отыр.