БҚО-да кәсіпкерлерге 294,7 млн теңге шағын несие беру көзделуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы қалалық жерде 294,7 млн теңге шағын несие беру көзделуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры Ербол Иденовтің мәлім еткеніндей, сонымен қатар кепілдеме беруге 36 млн теңге қарастырылған. Екінші деңгейлі банктен несие алу барысында кепілдеме жетіспесе, кәсіпкер субсидиялау бағдарламасы арқылы қордың кепілдемесін ала алады. Тұрақты жұмыс жасайтын кәсіпкер банкке қойған кепілдемесінің құнынан екі есе артық мөлшерде несиеге қол жеткізе алады. Ал кәсібін жаңа бастағандар несиенің 85 пайызына дейінгі көлемде кепілдікке ие бола алады. Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы сомасы 490,8 млн теңгеге 24 кепілдік берілді.

Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында барлығы 20,4 млрд теңгеге 111 субсидиялау келісімшартына қол қойылды. Ал биылғы алты айда 8 млрд 123,7 млн. теңге несиені құрайтын 69 жоба бойынша келісім жасалды. Жалпы, субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 86,7 млрд теңге несиені құрайтын 603 жоба мақұлданды.

Айта кетейік, қор сонымен қатар 2016 жылдан бері «Жаңа бизнесті ашуды қолдау» жобасын жүзеге асыруда. Осыған орай өткен жылы 86 кәсіпкер білімін көтерсе, биылғы алты айда 43 адам оқыды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы да өңірде осы саланың дамуына септігін тигізіп келеді. Бұл орталық арқылы 2016 жылы тұрғындар мен өз ісін жаңа бастағандарға 4 мыңнан астам, биыл 2734 қызмет көрсетіліп, кеңес берілді. 

Соңғы жаңалықтар