БҚО-да кәсіподақ ұйымдарына түскен 800-ден астам өтініштің басым бөлігі шешімін тапты

Биылғы бірінші жартыжылдықтағы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген БҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы Айгүл Есекенованың мәлім еткеніндей, өтініштер негізінен еңбек заңнамасына қатысты, материалдық көмек көрсету, жалақы, білікті арттыру мәселелері бойынша болды.
Әсіресе, әлемді жайлаған пандемия еліміздегі еңбек саласына едәуір өзгерістер мен тұрақсыздықтар әкелді. Сондықтан осы уақыт аралығында кәсіподақ қызметіне жүгінушілер саны артып, өздерінің құқықтарын қорғауға ниеттілер көбейді.
«Биылғы бірінші жартыжылдықта кәсіподаққа келіп түскен өтініштердің көбі келісім комиссияларының жұмысы туралы, ұжымдық шарттардағы өзгерістер және зиянды еңбек жағдайлары үшін төлем жөнінде болды. Жыл басынан бері білім және ғылым, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, мәдениет және спорт саласы бойынша 33 еңбек ұжымымен кездесу өткізіліп, еңбек қатынастары мәселелеріне мониторинг жасалды. Нәтижесінде 800-ден астам кәсіподақ мүшесін біріктірген 9 жаңа бастауыш ұйым өз жұмысын бастады», деді Айгүл Оразқызы.
Оның сөзіне қарағанда, облыстағы кәсіподақ ұйымдарының құрамын жақсарту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Күні бүгін БҚО кәсіподақтар орталығы 10 салалық және 14 жергілікті, 1 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдарын және 73 мыңнан астам кәсіподақ мүшелерін біріктіріп отыр. Соның ішінде 20 814-і 35 жасқа дейінгі жастар болса, 42 869-ы – әйелдер.
Биыл БҚО әкімдігі, жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктері және кәсіподақтар арасында 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісімге қол қойылып, бұл үш тараптың бірлесіп жұмыс жүргізетін басты құжаттарының біріне айналды.
Өңірде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияларының отырыстарында кәсіпорындардағы еңбек қатынастары мәселелерін кешенді қарау тәжірибесі жолға қойылған. Күні бүгінге дейін әр деңгейдегі үшжақты комиссиялардың 34 отырысы (жетеуі – облыстық) өткізіліп, көкейкесті мәселелер талқыланды.
«Еңбек қатынастарының өзектілігін ескере отырып, облыстық үшжақты комиссия құрамы қайта қаралып, оған облыс әкімдігінің 2021 жылғы 23 шілдедегі №142 қаулысына сәйкес ірі жұмыс берушілер енгізілді. Облыс әкімі төраға болып тағайындалды. Облыста еңбек тәуекелдері картасына еңбек дауы туындау ықтималдылығы бар 16 кәсіпорын енгізілсе, қазір олардың бәрінде жағдай тұрақты. Өңірдегі еңбек саласындағы әлеуметтік мәселелер бұдан былай да кәсіподақтар бақылауында бола бермек», деді А.Есекенова.