БҚО-да кәсіпорындардың заңсыз қызметі салдарынан мемлекетке 250 млн астам теңге залал келтірілген
ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жұмысты іс жүзінде орындамай, қызметтерді көрсетпей және тауарларды тиеп жөнелтпей, шот-фактураларды жалған жазып беруді жүзеге асырған адамдар тобының заңсыз қызметінің жолын кесті.
Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұған дейін де осындай қылмыстары үшін сотталған ұйымдастырушының 2023 жылдан бастап бөгде адамдардың атына 2 кәсіпорынды тіркегені анықталды. Бұл ретте кәсіпорындар ресімделген адамдар кәсіпкерлік қызметпен айналыспаған.
Жалған шот-фактуралар жазылған қаражаттың жалпы айналымы 900 млн теңгеден асты. Сонымен қатар бухгалтерлік құжаттарға сәйкес кәсіпорындар арматурадан бастап битумға дейінгі тауарлармен сауда жасаған, сондай-ақ іс жүзінде иелігінде жоқ техникаларды жалға беру бойынша қызмет көрсеткен.
- Мемлекетке келтірілген шығын кәсіпорындардың контрагенттері төлемеген салық түрінде 250 млн теңгеден асты. Тінту шараларының нәтижесінде кәсіпорындар қызметінің заңсыз сипатын растайтын мөрлер, флешкалар, ноутбук және бухгалтерлік құжаттар табылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғыны аса ірі көлемде цифрлық автивтерді заңсыз өткізумен айналысқанын жазған едік.