09:23, 13 Қаңтар 2010 | GMT +5
БҚО-да қатты желдің салдарынан үш ауыл жарықсыз қалды - ТЖМ
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы Тасқалы ауданында қатты желдің салдарынан электр желісі істен шығып, үш ауыл жарықсыз қалды,

деп хабарлады ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметі.
Ведомствоның ақпараты бойынша, қаңтардың 12-сі, сағат 17.00-де оңтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соққан желдің күшеюі (қардың мол жаууы, бұрқасын) салдарынан электр желілерінің төменгі және жоғары қуатты учаскелері зақымданды, сондай-ақ Крутая, Вавилина ауылдары мен Семиглавый Мар стансысындағы «Каменка-Озинка» 110 кВ-тық жоғары қуатты желі өшірілді.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайды жою жұмыстарына БҚО апаттық бригадасының 37 адамы мен 15 техникасы жұмылдырылды.