БҚО-да қауіпті химиялық зат тиелген фура аударылды
АСТАНА. KAZINFORM — Оқыс оқиға Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында болған, деп хабарлайды ТЖМ.

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында 21 тонна химиялық зат — тетрагидрофуранды Беларусь Республикасынан тасымалдап келе жатқан жүк көлігі жолдан шығып, аударылып кеткен. Салдарынан сұйықтығы бар ыдыстар да жерге түскен. Дегенмен сұйықтық сыртқа төгілмеген. ТЖМ қызметкерлері бірден қауіпті заттың ағып кету қаупі мен халық пен қоршаған ортаға төнетін қауіпті тексерді.

— Радиациялық-химиялық қызмет оның ауадағы шоғырлануын өлшеді. Қатер табылмады. Сондай-ақ ТЖМ қызметкерлері көлік жүргізушісіне жүкті қауіпсіз тиеуге және жүкті одан әрі тасымалдауға көмектесті. Операция сәтті аяқталды, — делінген ведомство хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін БҚО-да жедел жәрдем фельдшерлері 60 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалғанын хабарлаған едік.