БҚО-да кенішке таяу орналасқан елді мекен тұрғындары көшіріледі
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Петров елді мекенінде 16 отбасы тұрып жатыр.

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжановтың мәлім еткеніндей, аталған елді мекен Январцев ауылдық округіне қарайды.
Петров ауылы мұнай мен газ өндіретін Рожковское кен орнына жақын орналасқан. Санитарлық қорғау аймағына кірмесе де, елді мекен тұрғындары қоныс аудару жөнінде өтініш білдірген. Соған сәйкес шешім қабылданған.
— Петровтағы 16 отбасының біреуі ғана көп балалы. Оларды Январцев ауылына көшіру үшін 320-330 млн теңге қажет. Шығынның бәрін есептеп, соған сәйкес қаржы көзі іздестірілетін болады, — деді М.Тоғжанов.
Аталмыш елді мекенде бастауыш мектеп жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Березов ауылы тұрғындары түгелдей көшірілгенін жазған болатынбыз.