03:42, 23 Қараша 2018 | GMT +5
БҚО-да киікті заңсыз аулағандардан 331 млн теңге өндірілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында киікті заңсыз аулағандардан мемлекет пайдасына 331 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, биыл браконьерлікпен айналысқан 21 адам ұсталып, сегіз дерек бойынша сот үкімдері шықты.
Браконьерлер 99 бас киіктің көзін жойған. Олардан бірнеше аңшылық қару, 6 қаршана мен көлік тәркіленді.
Барлық деректер прокуратура органдары тарапынан мұқият қадағаланып, жазадан бұлтартпау қағидасы сақталды.
Атап айтқанда, Ақжайық аудандық сотының үкімімен ҚР 337-бабы (заңсыз аңшылық) және 339-бабына (сирек кездесетін жануарлармен заңсыз айналысқаны үшін) сәйкес Тайпақ ауылының екі тұрғыны айыпты деп танылып, үш жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді. Бұл екеуінен 74 бас киікті жойғаны үшін 246 млн теңге залал өндірілді.