БҚО-да Киров-Шежін арнасын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Киров-Шежін арнасын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, арнаны қайта жаңғыртудағы мақсат - өңірге Ресей Федерациясынан санитарлық-экологиялық мақсаттарға келісім-шарт негізінде алынатын Еділ суына тәуелділікті азайту, сонымен қатар 50 мыңнан астам тұрғыны, 918 мың бас малы бар және ауыз сумен қамтамасыз ететін 14 жергілікті су тазарту ғимараты жұмыс істеп тұрған Ақжайық, Тасқала, Қазталов және Жаңақала аудандарының елді мекендерін тұрақты сумен қамту үшін Қараөзенге су жеткізу.
Аталған жобаны жүзеге асыру жыл сайын Жайықтан Қараөзенге 50 млн текше метр көлемінде су айдауға, бұл өз кезегінде жылына 600-700 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысына Ресей Федерациясынан 75-80 млн текше метр көлемде Еділ суын алу үшін жыл сайын республикалық бюджеттен 1,1-1,2 млрд теңге бөлінеді.
Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда, Киров-Шежін арнасын қалпына келтірудің бұған дейін 1-інші және 2-інші кезеңдері (130 шақырым) бітсе, биыл 3-інші кезеңі (49,4 шақырым) аяқталады. Сонда келесі жылға тек 4-інші кезең - Көшім өзенінде сорғы стансасын орнату ғана қалады.
Киров-Шежін арнасын бітіргеннен кейін Азнабай-Тайпақ жобасы басталады. Бұдан бөлек 2017-2020 жылдары Дөңгелексай жырасындағы, Шыңғырлау өзеніндегі (Масайтөбе ауылы), Сарыөзендегі (Сексенбай елді мекені) үш бірдей жаңа су қоймасын салу, сондай-ақ Өлеңті өзеніндегі «Аяқ» су қоймасын қайта қалпына келтіру жұмыстарын республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін (2,6 млрд теңге) сұраныс жолданды.
Айта кетейік, алдағы бес жылда көзделген құрылыс нысандары іске қосылса, бұл суармалы жер көлемін 145 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.