БҚО-да қызылшамен ауырған 270-тен астам адамның басым бөлігі екпе алмаған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 271 адам қызылшамен сырқаттанды.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, өткен жылы осы мерзімде 13 адам аталмыш дертке шалдыққан еді.
Оның сөзіне қарағанда, өңірде жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауда болғанымен, қызылшамен аурушаңдылықтың өскені байқалады.
Қызылша жұқтырғандардың 226-сы — 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ 12-сі — 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер, 33-і — ересектер, — деді К.Мұхитова.
Маманның айтуынша, тіркелген деректерді талдау нәтижесінде науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы вакцина алмағаны және егу жасына жетпегені анықталды.
Департамент тұрғындарға Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес профилактикалық екпелерді уақытылы алу және балалардың вакцинация мәртебесіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін еске салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жыл басынан бері 256 адамның қызылша жұқтырғанын жазған болатынбыз.