БҚО-да қоғамдық тәртіпті қорғаған 200-ден астам азамат ынталандырылды
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған азаматтар сонымен қатар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай ынталандырылды. Департамент басшысы осындай кәсіби кадрларды жинап, оларға жақсы тәрбие бергені үшін күзет фирмасының басшысына да алғысын білдірді.
Аталған қызметкерлер өткен жылдың желтоқсан айында Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ ауылдық округі аумағында күзет жұмыстары барысында күдікті автокөлікті байқап, дереу жергілікті учаскелік полиция инспекторына хабарласып, ақпарат ішкі істер органының кезекші бөліміне жеткізілген. Полиция қызметкерлерінің жедел қимылы арқасында мал ұрлаушылар тобы ұсталған. Олардың автокөлігінен атылған төрт жылқының ұшасы, ішкі істер органдарында тіркелмеген аңшы мылтығы табылған.
Тергеу амалдарын жүргізу барысында ұсталған ұйымдасқан қылмыстық топтың Тасқала, Теректі, Ақжайық және Сырым аудандары аумағында жасалған осындай 11 қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Қазіргі кезде ұйымдасқан топтың барлық мүшелері сотталып, бас бостандығынан айыру орындарында жазаларын өтеуде.
Айта кетейік, облыс бойынша құқық қорғауға бағытталған 235 қоғамдық құрылым (2174 адам) жұмыс жасайды. Биыл олардың көмегімен 117 қылмыс ашылып, 621 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді қатысқаны үшін 213 азамат, соның ішінде 117-сі 2,6 млн теңгеге ақшалай ынталандырылды.
Мұндай жұмыстар жалғасуда.