БҚО-да көктайғаққа байланысты барлық жолдар жабылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көктайғаққа байланысты барлық бағыттағы жолдар жабылды, депхабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО ТЖ департаментінен алынған мәліметке қарағанда, жергілікті сағат 19.00-ден бастап көлік қозғалысына шектеу қойылды. Қазіргі кезде бұл жөнінде тұрғындарға смс-хабарламалар жіберілуде.

Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша 14 желтоқсан күні өңірдің кей жерлерінде бұрқасын болады. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал.

Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті тағы да ескерту жариялады.

Облыста көктайғаққа байланысты жағдай күрделеніп кетті. Соның салдарынан, Оралдың өзінде жарақат алғандар саны 355-ке жетті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, осыншама адам 1 желтоқсаннан бері ауруханалардың жарақат пунктіне жолықты. Олардың көбі бастан, аяқ-қолынан жарақат алып, миы шайқалған.

«Тек 13 желтоқсан күні түс қайтқанға дейін 40 адам медициналық көмекке жүгінді», - деді А.Сақпосынова.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 7-11 желтоқсан аралығында облыс аумағында қолайсыз ауа райына байланысты орын алған жол апаттары салдарынан екі адам көз жұмса, тағы біреуі жарақат алды.

Орал қаласының өзінде 25 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, автокөлік иелеріне материалдық залал келді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көктайғаққа байланысты жарақат алғандар саны 200-ден асқанын, Батыс Қазақстанда бірнеше жолдың жабылғанын және бүгін ауа райына орай ескерту жарияланғанын жазған болатынбыз.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар