БҚО-да «Көктем-2017» оқу-жаттығу шарасына 10 мыңнан астам адам қатысты

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жетекшілік еткен оқу-жаттығу барысында Орал қаласы төңірегіндегі саяжай аумағында тұратын тұрғындарға хабарландыру таратылып, «Ивушка» санаторийінен қызметшілер мен балалар шұғыл көшіріліп, Деркөл ауылдық мәдениет үйіндегі эвакуациялау қосынына орналастырылды. Сондай-ақ Ветелки ауылы мен Курени ауданы маңындағы бөгетті күшейту және су өткізетін құбырларды тазалау, Деркөл және Шаған өзендерінде мұз ою жұмыстары жүргізілді.
Осындай оқу-жаттығу шаралары облыс аудандарында да ұйымдастырылды.
БҚО ТЖ департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, оқу-жаттығуға өңірде 10 мыңнан астам адам, 2 мыңдай техника қатыстырылды. Өзендерде мұз ою, қаладан қар шығару, су сору, су жүретін құбырлар мен арықтарды тазалау секілді барлық жоспарлы шаралар атқарылуда. Жалпы, көктемгі су тасқынынан келер қауіп жоқ.
Айта кетейік, БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, «Жайық таза қала» ЖШС күні бүгінге дейін қала аумағынан 551 726 текше метр қарды шығарып, 18 042 текше метр суды сорды. Әсіресе, еріген қар суы үйлерге кіруі мүмкін аумақтар ерекше бақылауға алынған. Аталмыш мекеменің көктемгі су тасқыны кезінде жұмыс жасайтын 72 арнайы техникасы болса, соның 18-і - су айдайтын машиналар мен құрылғылар. Оған қоса су тасқынына қарсы қолданылатын материалдар да әзірленіп қойылды.