БҚО-да көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жаңа үйлер берілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылында көктемде су тасқынынан зардап шеккен 6 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл облыстың бірқатар ауданында тұрғын үйлердің суға кеткені белгілі. Соның ішінде Бөрлі ауданы тұрғындары зардап шекті. Арнайы құрылған комиссия 4 ауылда 16 үйді тұруға жарамсыз деп тапты. Билік тарапынан жаңа үйлерді салқын түскенше тапсыру міндеті қойылды. Ақбұлақ ауылында құрылыс жұмыстары мамыр айында басталып, сәтімен бітті.
Баспаналы болғандарды құттықтаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының кез келген төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсетуге ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
«Бірлік пен ынтымақтың арқасында су тасқынының зардаптарын тезірек жою бағытында шаралар уақтылы атқарылды. Қиын жағдайға қарамастан, төзімділік таныта білген тұрғындарға алғысымды айтамын. Үйлер қысқа мерзімде әрі сапалы салынды. Бұл, әрине, қуантады. Жаңа тұрғын үй иелерін шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңырақта молшылық пен бақыт салтанат құрсын», - деді ол.

Ауданы 80 шаршы метрден асатын үйлер бір ыңғайда бой көтерді, оған қоса 8 сотық жер учаскесі бар.
«Су тез кеткенімен, жарамсыз үйден кетуге тура келді. Оңай болған жоқ. Қиын кезде қолұшын созған әкімдікке ризашылығымды білдіремін. Жаңа үй кең де тұруға қолайлы», - деді баспаналы болғандардың бірі Нұрберген Мәженов.

Айта кетейік, алдағы айдың ортасына таман Бөрлі ауданының 3 ауылында тағы 10 үй салынып бітеді.
Бөрлі ауданы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, 175 өтініш бойынша мүліктер бағаланып, қорытынды шығарылды. Сондай-ақ, «Amanat» партиясы «Ақжайық» қоры арқылы зардап шеккен 93 адамға 41 млн теңге бөлсе, ал «Қызыл жарты ай» қоғамы 177 отбасына 96 млн теңгенің жәрдемін берді. Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан 31 млн теңге көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек берілді.
