БҚО-да көкжөтелмен ауырған балалардың 89 пайызы екпе алмаған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы он айда 91 адамның көкжөтелмен ауырғаны тіркелді.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлдана Керееваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, олардың бәрі де – 14 жасқа дейінгі балалар.
Гүлдана Қайыржанқызының сөзіне қарағанда, сырқаттанғандардың 81-і немесе 89 пайызы көкжөтелге қарсы екпе алмаған.
- Екпе алмау себептеріне келетін болсақ, балалардың 41,7 пайызы ата-анасының бас тарту себебінен екпемен қамтылмаған. Сондай-ақ 41 пайызы медициналық қарсы көрсетілім және 6,5 пайызы екпе жасына жетпеуіне байланысты егілмеген, - деді Г.Кереева.
Оның айтуынша, қызылшаға 304 адам шалдықса, соның 252-сі – 14 жасқа дейінгі балалар, 13-і – 15-19 жастағылар, 39-ы – ересектер.
Мұнда да науқастардың 274-і немесе 90 пайызы егілмеген. Аурушаңдылықтың басым көпшілігі (258) Орал қаласында және Бәйтерек ауданында (15) тіркеліп отыр.
Он айдың қорытындысы бойынша облыста бекітілген халық тізіміне сәйкес мақсатты топ балаларының профилактикалық екпелермен қамтылу көрсеткіші 75,3 пайыз болды.
Жалпы, өңірде санитариялық-эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Тырысқақ, құтыру, оба, сібір жарасы, іш сүзегі, қызамық, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, безгек және ботулизм жағдайлары тіркелген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жануарлардың тістеуінен зардап шеккендер саны 2 500-ден асқанын жазған едік.