БҚО-да колледждер студенттері үшін 3 жатақхана салынады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Президенттің бес әлеуметтік тапсырмасы» аясында облыстағы колледждер студенттері үшін үш жатақхана салынады. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте БҚО білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Батыс Қазақстан индустриалдық колледжінде 300, Орал политехникалық колледжінде 150 және Ақсай техникалық колледжінде 150 орындық жатақхана бой көтермекші.
Бұл ғимараттардың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
Жалпы, облыста техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 38 оқу орны болса, соның 27-сі - мемлекеттік, 11-і - мемлекеттік емес колледждер. Оларда 19050 шәкірт білім алса, соның 10678-і немесе 56 пайызы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды.
Облыста үш ауысымдық оқу мен апаттық мектептерді жою мақсатында 2017-2018 оқу жылында аудандарды айтпағанда, Орал қаласының өзінде 1500 орындық үш мектеп пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда алты бірдей білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Оралдағы Зачаган кентінің «Сарытау» шағынауданында 900 орындық, Зеленов ауданы Дариян ауылында 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп, Теректінің Сарыөмірінде 48 орындық сауықтыру лагері, Бөкей ордасының орталығы Сайқында 70 орындық интернат салынуда. Оған қоса шетел инвестициясы есебінен Ақжайық ауданы Шабдаржап ауылында 198 орындық мектеп, Ақсай қаласында 240 орындық балабақша да биыл қолданысқа беріледі.
«Дегенмен облыс орталығына халықтың көшіп келуіне байланысты Орал қаласында 5 мектеп үш ауысымда жұмыс жасауда. Оған қоса облыс бойынша төрт мектеп апатты деп танылып отыр. Бұл білім нысандарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Өткен жылы 1147,4 млн теңгеге 17 білім нысаны күрделі жөнделген болатын. Биыл жергілікті бюджет есебінен Оралдағы №19 мектепті күрделі жөндеуге 200,4 млн теңге, №24 балабақша ғимаратына 216 млн теңге қаралды. Күні бүгін мердігер анықталды, жөндеуді сәуір айында бастау көзделуде. Сонымен қатар жөндеуді қажет ететін, жалпы құны 3144,6 млн теңге болатын 14 білім беру мекемесінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын, қаражат қарастырылуда», - деді Шолпан Қадырова.