БҚО-да коронавирус анықталған соңғы науқас — Ресейден оралған Шымкент тұрғыны

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы мәлім еткеніндей, Ресейде жұмыс істейтін Шымкент қаласының 45 жастағы тұрғынынан коронавирус табылған.
Самара облысымен шектесетін «Сырым» автоөткелінен өткен кезде оның денсаулығына шағымы болмағанмен, алгоритмге сәйкес жедел жәрдем шақырылып, карантиндік стационарға жатқызылған.
Зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы қойылып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды.
Науқаспен қарым-қатынаста болғандар медициналық бақылауға алынып, ауру ошағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 153-ке жетіп, соның 10-ы жазылып шықты. Сырқаттардың басым көпшілігі – Ресейден келгендер, 28-і – медицина қызметкері.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда емделіп жатқандар дәрігерлерге бағынбай, өз бетімен үйге кетіп қалмақ болғанын, коронавирус жұқтырғандар арасында дәрігерге бағынбайтын бірнеше емделушінің бар екендігін, сондай-ақ студент қыздың емделіп шыққандығын жазған болатынбыз.