БҚО-да коронавирус жұқтырған 27 науқас жансақтау бөлімінде жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 27 науқас жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, солардың басым көпшілігінде, яғни 25-інде созылмалы дерті бар.

Атап айтқанда, 19-ы жүрек-қан тамырлары аурулары, алтауы қант диабетіне шалдыққан.

Науқастардың төртеуі – 50-60, 17-сі – 60-80 жас аралығындағылар, алтауы – сексеннен асқандар.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, осы кезге дейін 22238 адам тіркелсе, соның 78,2 пайызы (17411) жазылып шықты. 330 адам өмірден өтті.

Биыл жыл басынан бері 162, соның ішінде қаңтарда – 28, ақпанда – 15, наурызда – 30, сәуірде – 42, мамырда 47 науқас көз жұмды. Бұлардың 86-сы – әйел, 76-сы – ер адамдар. 92 пайызында (148) созылмалы дерттері (64,1 пайызы жүрек-қан тамырлары аурулары, 18,1 пайызы қант диабеті, 17,8 пайызы басқа сырқатқа шалдыққан) болған.

«Қазіргі таңда 1123 төсектік 18 инфекциялық стационарда 393 адам емделуде. 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 11 науқас жатыр. Сондықтан індетті өршітпеу үшін тұрғындарға сақтық шараларды ұмытпау керектігін еске саламыз», деді А.Қалибеков.

Облыс бойынша күні бүгінге дейін 67299 адам вакцинаның бірінші, 30512-сі екінші компонентімен егілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда карантин талабын бұзғандарға 1 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар