БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың дені – вакцина алмағандар

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қазан айында 1217 адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соның 1073-і – вакцина алмағандар.

Ауырғандардың 55 пайызы (669) ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген кезде анықталды. 27 пайызы (324) бұрын сырқаттанғандармен қарым-қатынаста болған. 17 пайызынан (214) профилактикалық мақсатта, 1 пайызынан (10) стационарға жатқызар алдында сынама алынған.

Індетті 41-60 жас аралығындағылар (295) көбірек жұқтыруда.

Департамент мәліметіне қарағанда, осы айда «Ashuq» жобасы бойынша үйлерінде оқшаулануы тиіс 85 адамның карантин талабын бұзғаны белгілі болды. Соның 75-і – «қызыл», 10-ы – «сары» мәртебесі бар адамдар.

Биылғы 12 маусымнан бері «қызыл» мәртебесі бар адамдарға 6,3 млн астам теңге көлемінде 145 айыппұл салынды.

Жыл басынан бері өңірде 29 468 науқас тіркелді, бұл 100 мың тұрғынға шаққанда, 4461,2-ден келеді.

Соңғы аптада (19-25 қазан) алдыңғымен (12-18 қазан) салыстырғанда, коронавирус жұқтыру 9,3 пайызға (334-тен 303-ке) азайды.

Облыста тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары да жүргізілуде. Күні бүгінге дейін жергілікті бюджет қаржысы есебінен 45 622 адам егілсе, соның 6256-сы – 14 жасқа дейінгі балалар, 39 366-сы – ересек адамдар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 9,2 пайызға төмендегенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар