БҚО-да коронавирусқа шалдыққан 40-тан астам науқас ауыр халде жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 44 науқас жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 40 адамның жағдайы ауыр, төртеуі аса ауыр халде.

Науқастардың 29-ы жүрек-қан тамырлары ауруларына, 11-і қант диабетіне шалдыққан.

Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 4, инвазивті емес құрылғыға 23 пациент қосылған.

Талдау көрсеткеніндей, коронавирус жұқтырғандардың дені және ауыр халде жатқандар – вакцина алмаған тұрғындар.

Арман Талғатұлының айтуынша, қазіргі таңда 1451 адам амбулаторлық ем алуда. Оған қоса 1459 төсектік 20 инфекциялық стационарда 521 адам емделуде.

Облыстық жедел жәрдем стансасына соңғы тәулікте 914 қоңырау шалынса, соның 133-і ковидке қатысты болып, 44-і стационарға жатқызылды.

Індет басталғаннан бері облыс бойынша барлығы 35 277 адам тіркеліп, соның 77,2 пайызы (27 234) жазылып шықты.

Бұлардың 12 891-і стационарлық, 14343-і амбулаторлық ем алды. Күні бүгінге дейін барлығы 683, соның ішінде биыл 514 адам коронавирустан көз жұмды.

«Облыста 202 545 адам вакцинаның бірінші, 167 514-і екінші компонентімен егілді. Күні кеше өңірде 30 060 доза (15 030-ы – бірінші, 15 030-ы – екінші компонент) «QazVac» вакцинасы жеткізіліп, медицина мекемелеріне таратылды.

Бүгіннен бастап аталған вакцинамен тұрғындар егіліп жатыр.

Екінші компонентті 21 күннен кейін алу керек. Өзімізді және жақындарымызды коронавирустан қорғаудың ең сенімді әдісі егілу екендігін ұмытпайық», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 340 адамнан коронавирус табылғанын, 201 мыңнан астам адамның коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтыру деңгейі 12,9 пайызға төмендеді.





Соңғы жаңалықтар