БҚО-да коронавируспен ауырған 1600-ден астам адам оңалту курсынан өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері коронавируспен ауырған 1 647 адам оңалту курсынан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Әбдірахманованың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, стационарлық ем алғандар қалалық көпбейінді аурухана, Жаңақала ауданаралық сауықтыру орталығы және медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында оңалту емдерін алуда.

Оның айтуынша, ауырлық дәрежесін және созылмалы сырқаттарын ескере отырып, әр науқасқа жеке сауықтыру жоспары жасалады. Оңалтуға тыныс алу гимнастикасы, дренажды массаж, физиоемдеу кіреді. Оңалту курсы – 7-10 күн.

Г.Әбдірахманованың сөзіне қарағанда, өңірде эпидахуал тұрақталды.

Күні бүгін 20 науқас амбулаторлық ем алуда.

Инфекциялық стационарлар саны 14-тен (751 төсек) 12-ге (511 төсек) қысқарды. Қазіргі кезде 8 науқас қалса, соның үшеуінің жағдайы аса ауыр. Бұлардың үшеуі де екпе алмаған.

«Облыста осы кезге дейін 273 207 адам (жоспардың 66 пайызы) вакцинаның бірінші, 261 474-і екінші компонентімен егілді. Pfizer компаниясының вакцинасын 10 673 адам қабылдаса, соның 5 530-ы – жасөспірімдер, 403-і – жүкті, 4 731-і – бала емізетін әйелдер. Сондай-ақ 67 396 адам ревакцинациядан өтті», деді Г.Әбдірахманова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтыру көрсеткіші 58 пайызға азайғанын жазған болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар