17:11, 05 Мамыр 2020 | GMT +5
БҚО-да коронавирустан емделіп шыққан бес адамның екеуі – Семей мен Тараз тұрғыны
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирустан емделіп шыққан бес адамның екеуі – Семей мен Тараз қаласының тұрғыны, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, қалғандары – облыс тұрғындары, олар Орал қаласы, Тасқала мен Теректі аудандарынан.
«Бәрінің де жағдайлары қанағаттанарлық. Бақылау сынамалары олардың коронавирустан айыққандығын көрсетті. Қазіргі кезде семейлік және тараздық тұрғынның еліне немен жететіні шешілуде. Ауруханада емделіп жатқан қалған науқастар жеңіл және орташа халде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Ахметова.
Осылайша, БҚО-да емделіп шыққандар саны 41-ге жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында тағы бес адамның емделіп, үйіне оралғанын, соңғы анықталған 4 науқастың үшеуі Ресейден келгенін жазған болатынбыз.