БҚО-да қостанайлық тұрғын 2 мың доза есірткімен қолға түсті

ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында есірткі тасымалдаушы ұсталды.

есірткі
Фото: БҚО полиция департаменті

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оның Қостанай облысы тұрғыны, Telegram арнасы арқылы есірткі тасымалдаушы ретінде жұмысқа тұрғаны анықталды.

Ер адамды жеке тексеру барысында күртешесінің қалтасынан жабысқақ таспамен оралған, ішінде ұнтақ заты бар 29 zip-пакет табылды. Сонымен қатар қол сөмкесінен осындай 49 zip-пакет тәркіленді.

 — Тергеу барысында күдікті тоқтаған қонақүй бөлмесінен де есірткі заттары табылды. Сейфтен ұнтақ затқа ұқсас 205 zip-пакет шықты. Сараптама нәтижесінде бұл заттың жалпы салмағы 478 грамм болатын мефедрон психотроптық заты екені белгілі болды. Бұл — 2 мыңнан астам бір реттік доза. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде -, деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 17 жастағы жасөспірімнің есірткімен ұсталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар