БҚО-да Крещение мерекесінде 1 400-ге жуық адам суға шомылып шықты
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Крещение мерекесінде 1 356 адам суға түсіп шықты.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, солардың 156-сы – балалар. Шомылу кезінде төтенше жағдай тіркелген жоқ.

- Департамент қызметкерлері діни шара кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр. Осы орайда дәстүрлі рәсімдер өтетін орындарға ерекше назар аударылды. Өткен жылы да өңірде оқыс оқиға болған жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.

Орал қаласы әкімдігінің нақтылауынша, бастапқыда шаһар бойынша суға түсуге арналған 11 орын белгіленгенімен, олардың саны 9-ға дейін қысқарды. Атап айтқанда, Зачаган кентіндегі Коминтерн және қаладағы бұрынғы «Металлист» зауыты ауданында мұздың жұқа болуына және орынның жабдықталмауына байланысты суға түсуге тыйым салынды. Қазіргі кезде қалған 9 орында төтенше жағдай және медицина қызметкерлері кезекшілік етіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Крещение мерекесінде 130-дан астам ТЖ қызметкері кезекшілік ететінін жазған болатынбыз.