БҚО-да «Кублей» зауытының қызметкерлері жұмысынан айырылуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстанның ет өңдеу кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ төрағасы, «Кублей» ЖШС-ның директоры Талғат Берекешев аталған серіктестікке қарасты зауыттың жабылуы қаупі бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жоғарғы соттың кассациялық алқасы 2 жыл ішінде үш рет сот шешімінің заңдылығын растап, әкімдік пен Орал қаласының сәулетшісіне және құрылыс салушы шағымын қабылдамады.
Жоғарғы сот құрылыс индустриялық аймақта рұқсат құжатынсыз, сондай-ақ үлестік құрылысқа рұқсатсыз салымшылар қаражаты есебінен жүргенін анықтады. Алайда кейіннен жағдай 180 градусқа өзгерді. 2,5 жылдан кейін Жоғарғы сот төрағасының ұсынуымен іс Орал сотына қайтарылды», - деді Талғат Берекешев Сенатта болған Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, жақында өткен Орал қаласының бірінші инстанция соты өз шешімімен «Кублейге» тиесілі екі санитарлық қорғалатын аумақтың күшін жойып, қаланың бас жоспарына қайшы болса да, өнеркәсіптік аймақта тұрғын үйлерді заңдастырды. Бұл тұрғыда өнеркәсіптік аймақта зауыт жоқ деген ұйғарым жасаған.
«Бұл индустриялық аймақтағы тұрғын үйлерді заңдастыру үшін әдейі жасалды деп санаймын. 750 отбасының немесе 2,5 мың адамның асыраушысы еңбек ететін консерві зауытының еңбек ұжымы не істейді? 31 жылдық тәжірибесі бар, ішкі нарықтың 65 пайызын консерві өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған, тек көрші елдерге ғана емес, алыс шетелдерге де экспортқа бағытталған өңдеуші кәсіпорын не істеуі керек? Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарынан мал шаурашылығы өнімдерін қайта өңдеуге өткізіп келген 3 мың шаруа қожалығы мен ауыл тұрғындарына да қиын болмақ», - деді кәсіпорын басшысы сенаторларға қарата айтқан сөзінде.
Сенаттағы Үкімет сағатынан кейін Талғат Берекешев аталған зауыттың жабылуы қаупі бар екенін айтты. Кәсіпорынның 2024 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімі қалған.
Оның сөзіне қарағанда, егер зауыттың санитарлық қорғау аймағында адамдар тұратын болса, онда 2024 жылы өндіріс жаңа санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алмауы мүмкін. Демек, қандай да бір жұмысқа рұқсат берілмейді.
Сонымен қатар, «Кублей» ЖШС өнімнің сәйкестігі сертификаттарынан айырылуы салдарынан еліміздегі осы тауар өндірушінің жұмысы тоқтауы ықтимал.
«Біз екі жыл бойы сотта жеңіп келдік. Сот кезінде Индустрия, Денсаулық сақтауі, Ауыл шаруашылығы министрліктері барлық қажет анықтамаларды берді. Олар зауыттың өнеркәсіп аймағында орналасқанын және құрылыс салушылар мен әкімдік заң талаптарын бұзып тұрғанын нақтылады. Денсаулық сақтау министрлігі де «Кублейде» санитарлық қорғау аймақтары құрылғанын растады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі зауыт жұмыс істеп тұрғанын және өнім өндіретінін растады. Енді осыдан бес ай бұрын өткен қалалық сот барлық құжаттың күшін жоя салды», - деп түсіндірді кәсіпорын басшысы.
Талғат Берекешев салынған тұрғын үй кешенінде адамдар тұрғанына қарсы емес екенін, алайда сол аумақтағы кәсіпорынның жабылуы қаупі барын айтты.