БҚО-да құны 714 млн теңге тұратын темекі өнімдерін шекарадан құжатсыз алып өтпек болған
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында шекарадан көлемі 870,6 мың қорап темекі өнімін шекарадан құжатсыз және сәйкестендірусіз алып өтпек болған жүк көлігі тоқтатылды.Аталған деректі БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ҚР ҰҚК шекара қызметімен бірлесе отырып анықтады.
БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, төменгі бағамен есептегенде, фильтрлі темекінің жалпы құны 713,9 млн теңге болып шықты.
«Бұл дерекке қатысты материалдар БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне процессуалдық шешім қабылдауға жолданды», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметі ақпаратты кейін беретінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 31 млн теңгенің заңсыз темекі өнімдерін сатумен айналысқан кәсіпкердің сотталғанын жазған болатынбыз.