БҚО-да құрылған ауыл шаруашылығы кооперативі Ресейге ет жөнелтпек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданында құрылған «Николай и Ко» ауыл шаруашылығы кооперативі Ресейге ет жөнелтуді көздеп отыр. Бұл туралы бүгін Көшім ауылында модульді мал сою бекеті ашылған кезде белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Биыл көктемде «Николай и Ко» кооперативі құрылып, оның құрамына Көшім ауылынан 22 қатысушы енген. Тамыз айында кооператив «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 19 млн теңге несиеге қол жеткізіп, модульді мал сою бекетін сатып алған. Сонымен қатар қор кооператив қатысушыларына «Береке» бағдарламасы арқылы етті бағыттағы 171 бас ірі қара сатып алу үшін 36 млн теңге бөлген. Қазіргі таңда кооператив мүшелерінде 300-ден астам бас мал бар. Кооперативтің 22 мүшесінің жетеуі малданып үлгерсе, қалғандары жеңілдікпен несие алу үшін құжаттарын әзірлеуде.

Осы қатысушылардың бірі «Сүндетов» шаруа қожалығы базасында ашылған модульді мал сою бекеті тәулігіне кемінде бес бас малды қабылдап, соя алады. Инвестициялық шығындардың тең жартысы мемлекеттік демеуқаржы есебінен өтелсе, кепіл ретінде жабдық қойылған.
«Николай и Ко» кооперативінің төрағасы Николай Супрунның сөзіне қарағанда, облыстың өз ішіндегі қайта өңдеу кәсіпорны мен сауда желілеріне өнім жеткізумен бірге Ресейге ет жөнелту жөнінде нақты келісім жасалған. Ресейлік әріптестер мал сою бекеті мен мен мұндағы малдың бағымымен танысып, риза болып кеткен. Алдағы уақытта оларға ай сайын 20 тоннаға дейін сиыр және 18-20 тонна қой етін жөнелту жоспарлануда.

null  

Бірігудің артықшылықтары бар екендігін түсінген кооператив қосымша мал бордақылау алаңдарын ашып, сүйек ұнын, шұжық және басқа өнім өндіретін цех жабдықтарын алуды көздеп отыр.

Мал сою бекетінің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Арыстан Арсланбаев, аудан әкімі Асхат Шахаров шаруалардың бұл қадамын құптап, кооперативтерге бұдан былай да қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Айта кетейік, облыста аталмыш қордың қатысуымен 1200-ден астам ұсақ шаруашылықтың (олардың көпшілігі етті бағыттағы) басын біріктірген 26 кооператив құрылған. Кооперацияны қолдауға 2,5 млрд теңге бағытталған.

Соңғы жаңалықтар