БҚО-да қылмыстық-атқару жүйесінде 551 заңбұзушылық анықталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қылмыстық-атқару жүйесінің 3 мекемесі, сондай-ақ 17 пробация қызметі, 15 уақытша ұстау изоляторы, әкімшілік жазамен ұсталғандар үшін 2 арнайы қабылдау бөлмесі жұмыс жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс прокурорының көмекшісі, әділет кеңесшісі Әділ Ақмулдиннің айтуынша, осы орындарға жүргізілген тексерулер нәтижесінде 551 заңбұзушылық, соның ішінде ұсталғандар мен сотталғандардың конституциялық құқығына қатысты 17 дерек анықталды. Осыған орай 67 прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп, 107 лауазымды қызметкер жауапқа тартылды. Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің заңсыз шешімдері мен іс-әрекеттеріне қатысты 8 наразылық қанағаттандырылды. Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемелерінің азық-түлік сатып алуға қатысты 3 заңсыз бұйрығы бұзылып, 120 млн. бюджеттік қаржының заңсыз жұмсалуына тосқауыл қойылды, сондай-ақ тәртіптік жаза қолдану туралы 5 қаулының күші жойылды.
Түрме реформасы екінші форумының ұсынбаларын жүзеге асыру аясында прокуратура органдары 26 шараны (кеңес, жұмыс кездесулері, ашық есік күндері, бос орындар жәрмеңкесі, т.б.) өткізіп, соның нәтижесінде колонияларда 8 жаңа кәсіпорын құрылды. Жазасын өтеушілердің 64,7 пайызы жұмыспен қамтылып, 84 қосымша жұмыс орны ашылды. Бюджет заңдылығын сақтау бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп, сотталғандардан 38,2 млн. теңге өндірілді. Сонымен қатар сеніп тапсырылған мүлікті иеленгені және жымқырғаны үшін «Еңбек-Орал» РМК БҚО филиалының директорына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуін жүзеге асыру бағытында осы жұмысты бақылайтын қоғамдық ұйымдардың өкілеттіліктері кеңейтілді. Жыл басынан бері түрмеде отырғандар саны 340 адамға немесе 62 пайызға төмендеді. Өңірдегі түзету колонияларында жазасын өтеп шыққан 270 адам қалыпты өмірге оралуда. Қазіргі таңда рақымшылық жасауға да байланысты тиісті жұмыстар атқарылуда.