БҚО-да қызылшамен ауырған 100 адамның жартысына жуығы - балалар

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 100 адам қызылшаға шалдықты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ринат Құбатаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, соның 43-і немесе 43 пайызы - 14 жасқа дейінгі балалар.

Осының ішінде 19-ы - бір жасқа дейінгілер. Бұл жалпы ауырған балалардың 44,1 пайызын құрайды.

Қызылшаның тең жартысынан астамы, яғни 59-ы Орал қаласында, 20-сы Бәйтерек, жетеуі Бөрлі, алтауы Бөкей ордасында, төрт-төрттен Сырым мен Теректі аудандарында тіркелді.

Қызылшамен ауырғандармен қарым-қатынаста болған 1515 адамға медициналық бақылау орнатылды. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 166 адам егілді. Екпеден бас тартқан отбасылардан 39 бала егілді.

«Сәуір-мамыр айында 6273 адам егілуі керек болса, соның 6086-сы немесе 97 пайызы қамтылды. Соның ішінде жоспарланған 9-10 айлық 3161 баланың 3082-сі егілді. 2995 медицина қызметкерінің 2887-сі егілуден өтті», деді Ринат Әминұлы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 10 айлық сәбидің неден көз жұмғаны белгілі болған еді.

Соңғы жаңалықтар