19:51, 08 Қараша 2017 | GMT +5
БҚО-да мал иесіне 3,6 млн астам теңге залал келтірген ұры ұсталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мал иесіне 3,650 млн теңге залал келтірген ұры ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, тамыз айында Ақжайық аудандық ішкі істер бөліміне «Дөңгелек» шаруа қожалығының басшысы 11 асыл тұқымды бұқасының жоғалғаны жөнінде арыз түсірген.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігіне сәйкес (ұрлық) қылмыстық іс қозғалды.
Жедел іздестіру жұмыстары барысында 6 қараша күні 37 жасар күдікті қолға түсті. Тергеу амалдары жалғасып, аталған іске қатысты адамдарды анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, «Дөңгелек» шаруа қожалығы қазақтың ақбас сиырын, көшім жылқысын және асыл тұқымды бұқаларды өсірумен айналысады.