БҚО-да мал ұрлығымен айналысқандар сотталды

ОРАЛ. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында мал ұрлығын «кәсіп» етіп келгендер ұсталды.

БҚО-да мал ұрлығымен айналысқандар сотталды

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2011 жылғы 24 қазан күні түнгі сағат бір шамасында О.Нұрғалиев пен Е.Мансұров бөтен мүлікті ұрлау мақсатында алдын ала сөз байласып, Шыңғырлау ауданы Сегізсай ауылының тұрғыны Қ.Исанқұловтың мал ауласында тұрған жалпы құны 550 мың теңге болатын екі биесі мен айғырын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.

О.Нұрғалиев пен Е.Мансұров қылмыстарын әрі қарай жалғастырып, түнгі сағат бір жарым шамасында Шыңғырлау ауданы Сегізсай ауылының тұрғыны Қ.Есетбаевтың мал ауласында тұрған жалпы құны 550 мың теңгеге бағаланған бір айғыры мен бір биесін қоса айдап әкеткен.

Алайда мал ұрлағандар алысқа ұзай алмады. Шыңғырлау аудандық сотының үкімімен О.Нұрғалиев пен Е.Мансұров ҚР ҚК-нің 175-бабы, 3-бөлімі, «б» тармағы (ұрлық, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша, бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде жасырын ұрлау) бойынша әрқайсысы 3 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Жазаларын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтейді. Сот үкімі заңды күшіне енді.