БҚО-да малда коронавирустың бар-жоғын анықтайтын зертхана ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің сынау орталығында биотехнология және жұқпалы ауруларды диагностикалау зертханасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа зертхана түрлі жұқпалы ауруларды, соның ішінде коронавирус індетін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.

Университет ректоры Асқар Наметовтің мәлім еткеніндей, зертхана жоғары патогенді ауруларды зерттеуге рұқсат алған. Жұмысты тиісті деңгейде жүргізу үшін университет ғалымдары мен мамандары АҚШ-та біліктіліктерін жетілдіріп қайтты.

Келісімшарт бойынша зертханаға қажетті биоматериалдарды «Медикер» медициналық орталығы жеткізеді. Зертханада 6 қызметкер еңбек етеді. Осы кезге дейін зертхана ғалымдары COVID-19-ға 500-ден астам талдау жасап үлгерген. Алдағы уақытта мұның саны көбейе түспекші. Өйткені АҚШ пен Қытайдан әкелінген арнайы құрылғылар сынамаларды автоматты түрде жедел анықтайды.

Зертханада сонымен қатар басқа да зерттеулер қолға алынбақ.

«Жарқанат – коронавирус індетінің таралуының негізгі ошағы ретінде қарастырылып отырғаны белгілі. Алайда Қазақстандағы жарқанат әлі зерттелмеген. Сол себепті Отар ғылыми зерттеу институтымен бірлесе отырып, зерттеу жұмыстарын қолға алдық. Жарқанаттың жұқпалы ауруларды таратуға қаншалықты себепкер екендігін анықтасақ, бұл медицинамызға да, ветеринария саласына да үлкен қолдау болмақ. Мал ауруларының арасында коронавирустың өзге түрлерінің бар екені анық. Енді COVID-19-дың малға қаншалықты әсер ететіндігін зерттейтін боламыз. Қытай қазіргі таңда Қазақстаннан жеткізілетін ірі қара мал етінің коронавирустан таза екендігін растайтын сертификат талап ете бастады. Университет ғалымдары заманауи технологияның арқасында малдың аурудан ада екендігін анықтауда. Бұған дейін Қазақстанда мұндай талдаулар жасалған жоқ. Әзірге еліміз бойынша ірі қара малдағы COVID-19-ды анықтайтын жалғыз университетпіз», - деді А.Наметов.

Кез келген патогенді жұқпа секілді COVID-19 да мутацияланады. Сондықтан университет ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізуді мақсат етіп отыр.


Соңғы жаңалықтар
telegram