БҚО-да мамандандырылған тергеу соты жұмыс жасай бастады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мамандандырылған тергеу соты жұмыс жасай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да мамандандырылған тергеу соты жұмыс жасай бастады

БҚО соты төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Адрановтың айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 22-қадамын жүзеге асыру аясында биылғы 16 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық облыста мамандандырылған тергеу соттарын құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Қ.Адранов ұжымға ҚР Президентінің биылғы 28 маусымдағы №708 Жарлығымен тағайындалған жаңа соттың судьясы Раушан Исмаилованы таныстырып, мамандандырылған тергеу сотының жұмысына сәттілік тіледі. 

«Мамандандырылған тергеу соттары соттардағы айыптау мен қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Тергеу судьяларының жұмысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының "Сот төрелігінің 7 түйіні" жобасындағы басты міндеттердің бірі болып табылады, тергеу судьялары сотқа дейінгі сатыдағы тиісті сот бақылауларын қамтамасыз етуге міндетті», деді Қ.Адранов.

БҚО бойынша соттар әкімшісі басшысының міндетін атқарушы Шынар Тұңғатарова штаттық кестеге сәйкес мамандандырылған тергеу соты 1 төраға, 1 судьядан және 6 мемлекеттік қызметшіден тұратынын жеткізді. Бұл сот қосымша орындарды бөлмей-ақ, облыс соттарынан ішкі ауыстыру есебінен құрылды.