БҚО-да мас күйінде көлік жүргізген шенеунік жұмысынан айырылуы мүмкін
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында мас күйінде автокөлік айдаған ҚР ТЖ министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Азамат Есеновті қызметінен босату ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Есеновтің тәртіптік ісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы әдеп кеңесінің 3 ақпан күнгі отырысында қаралды.
ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде белгіленген қызметтен тыс уақытта мінез-құлық стандарттарының талабын сақтамағаны, яғни көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін А.Есеновке мемлекеттік лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде ҚР Төтенше жағдайлар министріне ұсыныс беру туралы шешім қабылданды.
Анықталғанындай, А.Есенов Ақсай қаласындағы өнеркәсіп аймағы ауданында түнгі сағат 01.10-да автокөлікті мас күйінде айдағаны үшін полиция қызметкерлерімен ұсталған.

Медициналық куәландыру бойынша ол орта дәрежелі мас күйінде болған.
А.Есеновке қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, ол 2020 жылғы 14 желтоқсанда Бөрлі аудандық сотында қаралды.
Бөрлі аудандық сотының қаулысымен А.Есенов айыпты деп танылып, 15 тәулік әкімшілік қамаққа алынып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.