БҚО-да мас күйінде жол апатын жасаған тұрғын 20 тәулікке қамалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған тұрғын 20 тәулікке қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Қазталов аудандық соты азамат А-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 6-бөлігіне сәйкес істі қарап, шешім шығарды.
Сотта белгілі болғандай, Қазталов ауылында аталған азамат көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра, масаң күйінде «ВАЗ-21102» автокөлігінің рөліне отырған. Рөлге отырғаны өз алдына, Сырым Датұлы көшесі бойындағы №3 үйдің жанында тұрған, Б. деген азаматқа тиесілі «Mazda» көлігін түйіп, бүлдіріп тынған.
Сот отырысында А. кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдірді.
Медициналық қорытындыға сәйкес ол жеңіл дәрежедегі мас күйінде болған.
Сот қаулысымен кінәлі деп танылған А-ға 20 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза белгіленді.
Сот қаулысы күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын осы ауданның Жалпақтал ауылында тағы бір тұрғынның мас күйінде көлігін соғып, 30 тәулікке қамалғанын жазған болатынбыз.